Теміртау білім беру бөлімінің басшысы пара алудың 6 фактісі бойынша айыпталуда
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Теміртау қаласы білім беру бөлімінің басшысы Бақшагүл Рахымова балабақшалар мен мектептердің директорларынан бірнеше рет пара алу фактісі бойынша айыпталуда, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Теміртаудың сот залында сотталушы ҚР ҚК 366-бабы, 3-бөлімінде көрсетілген «Бірнеше рет пара алу» сыбайлас жемқорлық қылмыстары бойынша өз айыбын толық мойындады. Теміртау қалалық сотының хабарлауынша, Рахымова өз айыбын мойындап, ең төменгі жаза түрін тағайындау туралы прокуратурамен келісімшарт жасауға өтініш білдірді.
«Прокуратурамен өз айбын мойындау туралы процессуалды келісім бекіту туралы өтініш келіп түсті. Осыған байланысты іс процессуалды келісімге қол қою үшін прокуратураға қайтарылды», - деп хабарлады Теміртау қалалық соты.
Тергеу нұсқасы бойынша, білім беру бөлімінің басшысы Бақшагүл Рахымоваға пара беруде алты лауазымды тұлға күдікті деп танылды. Оларға қатысты ҚР ҚК 367-бабы бойынша («Пара беру») бөлек іс жүргізілуде. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Ұлттық бюроның Қарағанды облысы бойынша департаменті паралардың «жалпы қамқорлық пен тәртіптік сипаттағы шараларды қолданбау» мақсатында берілгенін анықтады.