Теміртау мен Ақтауда жел ұшырған көпқабатты үйлердің шатыры бюджет есебінен жөнделеді

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Теміртау мен Ақтау кентінде қатты желден бұзылған 10 көпқабатты үйдің шатыры бюджет қаражаты есебінен қалпына келтіріледі. Жалпы, мың шаршы метр аумақ зақымдалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қарағанды облысының әкімдігіне сілтеме жасап.

Теміртау мен Ақтауда жел ұшырған көпқабатты үйлердің шатыры бюджет есебінен жөнделеді
Фото: Қарағанды ​​облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақтау кентінде жұмыс басталды. 8-кварталдағы №32 бес қабатты үйдің шатыры қалпына келтіріледі. Теміртауда мердігер компаниялар әзірге тек жұмыстарды бағалау сатысында. Мұнда 10 көп қабатты үй ішінара шатырсыз қалған.

«Теміртауда жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Дауылдың салдарын жою үшін бюджет қаражаты есебінен жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын қаржыландыруды қамтамасыз ету туралы шешім қабылданды. Қатты желдің салдарынан зақымдалған ғимараттар мен тұрғын үйлер ғана жөндеуге жатады. Әзірге жедел штабқа 10 үйдің тұрғындары көмек сұрап, жүгінді», - деп хабарлады Теміртау әкімдігінің баспасөз қызметі.

Естеріңізге сала кетейік, 21 шілдеде Теміртау мен Ақтау кентінде қатты жел екпінінен 10 көпқабатты тұрғын үй зардап шекті. Дауылды желдің жылдамдығы «Қазгидрометтің» мәліметі бойынша, секундына 32 метрге жеткен.