Теміртау оқушылары асханадағы тамақтан бас тартуда

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Теміртаудағы классикалық лицей асханасын тексеру кезінде одан ішек таяқшаларының бактериялары табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Теміртау оқушылары асханадағы тамақтан бас тартуда

Қоғамдық денсаулықты қорғау басқармасы мамандарының жоспардан тыс тексеруінің нәтижесінде, асханада қолданылатын ыдыс-аяқтардан, жиһаздардан, аспаздардың арнайы жұмыс киімдерінен бактериялар анықталды.

«Бұл анықталған жағдайлар қоғамдық тамақтану орнының санитарлық талаптарды сақтамай отырғандығын көрсетеді», - деді  қоғамдық денсаулықты қорғау басқармасының маманы.

Оның үстіне, асханадан пайдалану мерзімі өткен азық-түліктер табылған. Сондай-ақ, қауіпсіздік туралы куәлігі жоқ өнімдер де анықталған. Дайын өнімнің құнарлылығы мен майлылығын зерттеуге арналған сынама нәтижесі оның нормаларға сәйкес келмейтіндігін көрсеткен.

Асхананы жоспардан тыс тексеруге оқушылардың ата-аналарының түсірген шағымдары себеп болған.