Теміртау: Полиция көшеде қызды ұрып, сөмкесін тартып алмақ болған адамды ұстады
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Теміртау қаласының тәртіп сақшылары көшеде кетіп бара жатқан қызды ұрып, қолындағы сөмкесін алып қашпақшы болған ер адамды ұстап, қамауға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл оқиға қаланың бақылау камераларының бірінде тіркелген. Бейнеролик бірер күн бұрын Қарағандының танымал пабликтерінің бірінде жарияланған болатын.
Әлеуметтік желілерде жарияланған бейнеден белгісіз азаматтың қызға шабуыл жасап, оның сөмкесін жұлып алуға тырысқаны байқалады.
«Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында полиция қызметкерлері 33 жасар жәбірленушіні анықтап, оның арызы бойынша Теміртау қалалық полиция бөлімі ҚК-нің 24-бабы 3-191-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады (тонау жасау әрекеті).
Ағымдағы жылдың 1 ақпанында жүргізілген іс-шаралар мен бейнебақылау камераларын зерттеу барысында осы іс бойынша 40 жастағы қала тұрғыны анықталып, ұсталды. Ол кінәсін мойындады», - деп мәлімеді Қарағанды облыстық ПД баспасөз қызметі.