Теміртауда екі оқушы қыз құрылысы аяқталмаған көпқабатты үйден құлап, біреуі қаза тапты

ҚАРАҒАНДЫ. 4 ақпан. ҚазАқпарат /Валентина Елизарова/ - Қарағанды облысының Теміртау қаласында 7-сыныпта оқитын қыз бала қаза тауып, оның құрбысы зардап шеккен қайғылы оқиға орын алды.

Теміртауда екі оқушы қыз құрылысы аяқталмаған көпқабатты үйден құлап, біреуі қаза тапты

Бұл туралы облыстық ІІД баспасөз қызметі хабарлап отыр.

«Кеше, кешкі сағат 5 кезінде Теміртау қаласында екі жетінші сынып оқушысы салынып бітпеген тоғыз қабатты үйден құлады. Оның бірі оқиға орнында жан тапсырды. Екіншісі түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді», - дейді баспасөз қызметі.

Зардап шеккен қыздың айтуынша, сабақтан кейін ол өзінің құрбысымен салынып бітпеген құрылыс нысанына келіп, мектеп жайлы әңгіме-дүкен құрған. Бесінші қабатта отырғанда, оның құрбысы сырғанап кеткен. «Мен оны ұстап алдым, бірақ тартып ала алмай, екеуіміз де төмен қарай құлдиладық», - деп хабарлады зардап шеккен қыз полицейлерге.

Оқиға орнынан полицейлер екі мектеп сөмкесін тапты. Облыстық ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, «жедел жәрдем» мен полицияны айғай-шуға келіп жеткен үш жеткіншек шақырды.