Теміртауда қарақшы әйелдің басынан бөтелкемен ұрып, сөмкесін алып кетті
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Теміртауда Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар департаменті жедел құтқару қызметінің қызметкері қарақшының шабуылынан әйелді арашалап қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Кәсіби құтқарушы Талғат Қыстаубаев жұбайымен бірге аллеяда серуендеп жүргенде банкомат маңында қан жоса болған әйелдің жан ұшыра айғай салғанын естіп, шұғыл көмекке келген. Кейін белгілі болғандай, қарақшы әйелдің басынан бөтелкемен ұрып, қолындағы сөмкесін алып қашпақ болған», - деп мәлімдеді облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
Талғат қашып бара жатқан қаскөйді көріп, артынан қуа жөнеледі. Алдымен сөмкені алып, артынша қарақшыны қуып жетеді. Ол пышақпен сес көрсете бастайды. Құтқарушы оның пышағын тартып алып, пышағымен қоса сол кезде жетіп келген полицейлерге тапсырады.
Т. Қыстаубаевтың ерлігі туралы кейін, жараланған әйел төтенше жағдайлар департаментіне алғыс айта келгенде белгілі болды.