Теміртауда көпқабатты тұрғын үйде шыққан өрт салдарынан тұрғындар эвакуацияланды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Көпқабатты тұрғын үйдегі пәтерлердің бірінде шыққан өрт салдарынан тұрғындар эвакуацияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР СІМ ТЖК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Теміртауда көпқабатты тұрғын үйде шыққан өрт салдарынан тұрғындар эвакуацияланды

Ведомствоның ақпараты бойынша, өрт 8 мамырда 21.51-де тоғыз қабатты тұрғын үйдің 4-ші қабатындағы пәтерден шыққан. Өрт 15 шаршы метр аумақты шарпыған.

«Құтқарушылар 4 адамды құтқарып, 19 адамды эвакуациялады, соның ішінде төртеуі - балалар. 1985 жылғы азаматты күйік шалып, ауруханаға жеткізілді», - делінген хабарламада.

Өрт сөндірушілер тілсіз жауды 22.21-де ауыздықтап, 22.34-те сөндірді.

Оның алдын ала шығу себебі - темекі шегу кезінде абайсыздық таныту.

Өртті Қарағанды облыстық өрт сөндіру қызметінің 19 өрт сөндірушісі мен 5 техникасы сөндірді.