Теміртауда Мәңгілік алаудың қола жұлдызын ұрлаған ер адам ұсталды
Қалалық прокуратураның хабарлауынша, ол - 42 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты.
«Күдікті ұсталды және айыбын мойындап, түсініктеме жазды. Ұрланған жұлдыз кері қайтарылды», - деп хабарлады Теміртау прокуратурасы.
Еске сала кетсек, Теміртауда Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне арналған ескерткіштегі жауынгердің «киімінің» бөлігі мен Мәңгілік алаудағы қола жұлдыздың қолды болғаны наурыз айында хабарланды. Қола жұлдыздың ұрланғаны мен сарбаз мүсінінің қирағанын көрген қалалық әкімдік қызметкерлері құқық қорғау органдарына арыз жазды. Қола жұлдызды алғысы келген қаскөйлер мәрмәр плитаны сындырған.
Материал ҚР ҚК 188-бабы («Ұрлық») бойынша сотқа дейінгі тергеулердің бірыңғай реестріне тіркелді. Металл бөліктерін қабылдау пункттеріне қатысты жедел шаралар жүргізілді.