Теміртауда пациент ретінде емхананы тексерген бас санитарды дәрігерлер дұрыс қарамаған
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Теміртауда пациент ретінде емхана жұмысын тексерген мемлекеттік бас санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетованы дәрігерлер дұрыс қарамай, қауіпсіздік құралдарымен қамтамасыз етпеген. Бұл туралы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Людмила Бюрабекова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Медицина қызметкерлерінің сақтық деңгейінің төмен болып жатқанын да атап өту керек. Мәселен бүгін мемлекеттік бас санитарлық дәрігер Айжан Серікбайқызы Қарағанды облысына барған кезінде Теміртаудағы инфекциялық стационарға пациент ретінде кіріп шыққан. Ондағы қызметкерлер аталған пациентке абайлап тексеру тәртібін сақтамаған. Оны жеке қауіпсіздік құралдарымен қамтамасыз етпей бүкіл қабылдау бөлімі арқылы дәрігердің қарауына апарған», - деді Людмила Бюрабекова ОКҚ-да онлайн режимде өткен баспасөз мәслихатында.
Айта кетсек, қазіргі таңда Қазақстанда коронавирус жұқтырған азаматтардың саны 979 адамға жетті. Оның ішінде 110 адам жазылып шыққан. 12 адам көз жұмды.