Теміртауда полиция төрт банк бөлімшесіне «жарылғыш зат қойған» күдіктіні ұстады

«Теміртаудың 28 жастағы тұрғынын ұстадық. Айыбын мойындап, түсінік берді. Іс бойынша Қылмыстық кодекстің 273-бабы («Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр. Осы бапқа сәйкес қылмыс жасаған тұлғаларға алты жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы берілуі мүмкін», - дейді Қарағанды облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің басшысы Бақытжан Құдияров.
Еске сала кетсек, 26 желтоқсан күні 14:00 шамасында Теміртау ІІБ Шығыс бөлімінің кезекшісіне белгісіз адам телефон шалып, банк бөлімшелерінің біріне жарылғыш зат қойылғанын хабарлаған. Бірақ дәл қай филиал екенін айтпаған. Полиция төрт бөлімшенің де қызметкерлерін қауіпсіз жерге шығаруға мәжбүр болған. Ғимараттарды тексеріс кезінде күдікті заттар табылмады.