Теміртауда Президент олимпиадасы өтіп жатыр
Дәстүр бойынша интеллектуалды көпсайыс Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында өтеді.
- Теміртау - Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбек жолы мен саяси мансабы басталған қала, ал ҚМИУ - Елбасы жоғары білім алған оқу орны. Сондықтан біз балалардың мұны көріп-білгенін қалаймыз,-дейді ҚР БҒМ «Дарын» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Шолпан Қирабаева. - Олимпиаданың әрбір қатысушысы өз аймағын - оның салт-дәстүрі мен киелі жерлерін таныстырады".
Президент олимпиадасына еліміздің әр түкпірінен үздік 11-сынып оқушылары , барлығы 160 адам жиналды. Олимпиада екі кезеңнен тұрады: теориялық және практикалық. Қатысушылар төрт пән бойынша есептерді шығарады: математика, физика, химия және биология.
Әділқазылар алқасын академик Мұхтарбай Өтелбаев басқарады. Оның құрамына еліміздегі алдыңғы қатарлы ЖОО өкілдері енді. Олимпиада нәтижелері 10 қараша күні белгілі болады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге республикамыздың жоғары оқу орындарына түсу кезінде білім гранттарын бөлгенде басымдықтар беріледі.