Теміртауда салмағы 5 келіден асатын алып бала дүниеге келді

ТЕМІРТАУ. ҚазАқпарат – Теміртау қаласының көпсалалы ана мен бала орталығында нағыз батыр дүниеге келді. Жаңа туған нәрестенің салмағы - 5 055 грамм. Қазір ана мен бала дәрігерлердің бақылауында, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
Фото: Қарағанды ​​облысының денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі

Бұл - Баян Жүрмағанбетованың төртінші баласы. Отбасында екі қыз бен бір ұл бар.

Ал төртіншісін 22 ақпанда босанған. Сол күні жүкті әйел толғағы басталып, Теміртау қаласының Көпсалалы ана мен бала орталығына түскен.

Бірер сағаттан соң келіншек аман-есен аяқ-қолып бауырына жинап, батырын дүниеге әкелген. Қазір нәресте мен анасы дәрігерлердің бақылауында.

«22 ақпанда жедел жәрдем көлігімен жүкті әйел Теміртау қаласының көпсалалы ана мен бала орталығына жеткізілген. Сол күні босанды. Салмағы - 5 055 грамм және бойы 57 сантиметр ер бала дүниеге келді», - деп хабарлады Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасы.

Баян Жүрмағанбетова дәрігерлерге кәсібилігі және сәбиін аман есен дүниеге алып келуге көмегі үшін алғыс айтты.

«Жүктілік кезінде қиын болды, бірақ жеңіл босандым. Дәрігерлер менің күш-жігерімді бақылап отырды, мен табиғи жолмен босандым. Кесарь тілігін жасай ма деп уайымдап едім, бірақ Алла тағала мен дәрігерлердің арқасында бәрі ойдағыдай өтті», - дейді Баян Жүрмағанбетова.

Акушерлік тәжірибеде балалардың жоғары салмақпен дүниеге келуі жиі кездеседі, Салмағы 4 келіге дейін туылған нәрестелер үлкен болып саналады.

Ал салмағы 5 келіден асатын алып балаларды дәрігерлер батырлар деп атайды.

Қарағанды облысында салмағы жоғары балалар жиі туылады. 2022 жылы үлкен салмақпен 54 нәресте, жәнеде салмағы өте жоғары 10 алып бала дүниеге келген.

Оның ішінде ең үлкенінің салмағы 6520 грамм болды. Ол батыр бала облыстық клиникалық аурухананың перинаталдық орталығында дүниеге келді.

2023 жылдың басынан бастап облыста үлкен салмақпен 4 сәби және Теміртаудың көпсалалы ана мен бала орталығында бір алып бала дүниеге келген.


Соңғы жаңалықтар