Теміртауда су тағы 2 күн кестемен беріледі
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Теміртау қаласында су енді екі күн бойы кестемен берілмек. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісінің сауалына жауап берген шаһар әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім етті.
«Сумен жабдықтау жүйесіндегі апат 12 шілдеде жойылды. Қазір су кесте бойынша беріліп жатыр. Шамамен екі күн бойы осы кестені ұстану жоспарланып отыр», - деп жауап берді қала әкімдігінің баспасөз қызметінен тілші сауалына орай.
Еске салайық, құбырдың тозуына және суық суды тұтыну шығынының артуына байланысты Теміртау қаласында 11 шілдеден бастап су кестемен беріліп жатыр.
«Ертіс-Қарағанды су құбыры бойынша су көлемінің жеткіліксіз түсуіне, құбырдың тозған жағдайына, сондай-ақ суық суды тұтыну шығынының ұлғаюына байланысты «Оқжетпес-Т» ЖШС шаруашылық ауыз сумен жабдықтауды кесте бойынша беруге мәжбүр екенін хабарлайды. Осыған байланысты 11, 12, 13, 14 шілде күндері су сағат 6:00-ден 10:00-ге дейін және 18:00-ден 23:00-ге дейін беріледі. Шаруашылық ауыз су қорын жинап алуыңызды сұраймыз», - деп жазылған бұған дейін жарияланған әкімдік хабарламасында.
Тоқтаған уақыттарда үйлердің ауласына көліктер арқылы су жеткізіледі.