Теміртауда такси жүргізушісіне жасалған қарақшылық шабуыл «ізі суымай» ашылды
ҚАРАҒАНДЫ. 21 қаңтар. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының Теміртау қаласында полицейлер такси жүргізушісіне жасалған қарақшылық шабуылдың «ізін суытпай» ашты, екі күдікті азамат ұсталды, деп хабарлайды аймақтық ІІД-нің баспасөз қызметінен.
«20 қаңтар күні Теміртау қаласы ІІД-нің Шығыс полиция бөліміне 22 жастағы такси жүргізушісі келіп, екі белгісіз адамның оны тапаншаға ұқсас затпен қорқытып, 31 мың теңгеден астам ақшасын алып қойғанын хабарлады. Жедел-іздеу шараларының барысында Теміртау қалалық қылмыстық полиция бөлімінің қызметкердері 20 жастағы екі күдікті азаматты ұстады. Олардың екеуі де ешқайда жұмыс істемейді», - делінген хабарламада.
Қарақшылық шабуыл фактісімен қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.