12:52, 19 Ақпан 2018 | GMT +5
Теміртауда теракт туралы жалған хабар берген азамат ұсталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Теміртауда террористік акт туралы жалған ақпарат берген азамат ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қарағанды облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«18 ақпаннан 19-ына қараған түнде «112» нөміріне белгісіз ер адам хабарласып, 7-ықшамаудандағы 31-үйге жарылғыш зат қойылғанын айтады. Барлық жедел қызметтер айтылған жерге жетіп, үйден 17 адамды эвакуациялайды. Алайда Қарағанды облысы ІІД қызметкерлері үйді тексеріп, жарылғыш затты таппады», - делінген хабарламада.
Іздестіру шараларының нәтижесінде қаланың мас күйдегі 58 жастағы тұрғыны ұсталды. Оның жедел қызметке жалған ақпарат берген телефоны тексеруге жіберілді.
Осы факті бойынша ҚР ҚК 273-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.