21:23, 05 Желтоқсан 2012 | GMT +5
Теміртауда жаратылыстану-математика пәндері бойынша президенттік олимпиада өтеді
ҚАРАҒАНДЫ. 5 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының Теміртау қаласында жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша V Президенттік олимпиада өтеді, деп хабарлады білім басқармасынан.

«Олимпиаданың ашылу рәсімі 6 желтоқсан күні Теміртау қаласының Мәдениет сарайында өтеді. Оған Қазақстанның барлық аймақтарынан келген 186 оқушы қатысады. Құрамында 20 адам бар қазылар алқасы олардың білімдерін бағалайтын болады», - деді облыстық білім басқармасында.
Олимпиаданың жабылуы және жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау 8 желтоқсанда өтеді. Олимпиада қатысушылары үшін сондай-ақ Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбек жолы басталған металлургтер қаласы - Теміртау бойынша экскурсия өткізіледі. Бұдан басқа, мәдени-ойын-сауық бағдарламасы қарастырылған.
Жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша президенттік олимпиада 2008 жылдан бері өткізілуде.