Теміртаудағы өнеркәсіп аймағынан өрт шықты
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Теміртауда қайталама шикізатты қабылдау және қайта өндірумен айналысатын өнеркәсіптік аймақтан өрт шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«10 шілде күні кешкі сағат 8-00-дер шамасында өрт шыққаны туралы хабар келіп түсті. Қайталама шикізатты қабылдау және қайта өндеу ісімен айналысатын өнеркәсіптік аймақтың шығыс бөлігі өртенген. Бірден 6 контейнер мен олардың жанындағы жиһаздар, сондай-ақ, екі жүк көлігі отқа оранған», - деді Қарағанды облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысы Жанна Дәуренбекова.
Ғимараттың 339 шаршы метр аумағы өртенді. Тілсіз жау сағат 22:20-да ауыздықталды.
Облыстың Төтенше жағдайлар департаментінің мәлім етуінше, қызыл жалынның шарпуына жанып кеткен контейнерлерде сақталған сығылған пластмасса мен макулатура себеп болған.
Зардап шеккендер жоқ. Өрттің мән-жайы мен себептері анықталып жатыр.