Теміртауға жауған қара қар: «Қазгидромет» кәсіпорынды ескертіп отыратын болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазгидромет» РМК Теміртаудағы «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорнына жайсыз метеожағдай туралы алдын ала мәлімет беріп отыратын болды. Бұл туралы Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Энергетика вице-министрі Ғани Сәдібеков мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі. 

Теміртауға жауған қара қар: «Қазгидромет» кәсіпорынды  ескертіп отыратын болды

«Теміртауда жауған қара түсті қар туралы осыған дейін де біршама ақпарат берілген. Бүгінгі таңда Өскемен мен Алматы, тіпті Астана секілді қалаларда атмосфералық ауаның ластану жағдайлары тіркелді. Ең бірінші кезекте, біз Теміртаудағы ахуалды зерттедік. Тәуелсіз сараптама жұмыстарын жүргізген экологтар мен қоғам белсенділеріне көп рахмет. Олардың келген шешіміне сәйкес, Теміртауда қоршаған ортаға сыртқы факторлар әсер етпеген. Демек, қалдықтардың барлығы да, шаң мен металл - ол аталған өңірдегі өндірістік кәсіпорындардың, жеке сектордың, автокөліктердің қалдықтары. Негізгі фактор - жайсыз метеожағдай», - деді вице-министр.

Оның айтуынша, Теміртауда қаңтардың 1-14 аралығында жел соқпай, ауа қозғалмай, төмен температура сақталған. Осының салдары атмосфера ауасының ластануына әкеп соқтырған.

«Біз «Арселор Миттал» кәсіпорнына «Қазгидромет» РМК болжамды метеожағдайлар туралы алдын ала мәлімет беріп отыратындай келісімге келдік. Осылайша, аталған кәсіпорын жайсыз күндері қалдықтарды сыртқа шығаруды қысқартатын болады. Мұндай жағдай енді қайталанбас деген сенімдеміз», - дейді ол.

Ғани Сәдібековтың айтуынша, Өскемен секілді өндірісі қайнап тұрған қалада да атмосфераның ластану жағдайы тіркелген.
«Жайсыз метеожағдай режімін қолдану Теміртаудағы жағдайлардың алдын алары сөзсіз», - дейді вице-министр.