12:30, 16 Шілде 2015 | GMT +5
Теміртаулық Татьяна Потемкина Еуропа чемпионатында тағы да жеңімпаз атанды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Болгарияның Варна қаласында гір тасын көтеру спорты бойынша Еуропа чемпионаты өтті. Татьяна Потемкина үздік атанды.
Белгілі теміртаулық спортшы «Наша Ярмарка» газетінің редакциясына қоңырау шалып, 24 келілік гір тасын 160 рет көтергенін хабарлады. Бұл оның жеңімпаз атануына мүмкіндік туғызды.
Татьяна бірнеше рет әлемдік рекордты жаңартқан. Соңғы рет Литвадағы V дүниежүзілік олимпиадалық емес спорт түрлерінің TAFISA «Спорт барлығы үшін» ойындарында рекорд орнатқан. Онда Татьяна 24 келілік гір тасын 165 рет көтерген. Теміртаулық спортшы әлемнің алты дүркін чемпионы. Биыл Потемкина Санкт-Петерборда әлемнің алтын кубогінің иегері атанды, деп хабарлады sports.kz.