Теміржол билеттерін автоматты құрылғыдан сатып алуға болады

АЛМАТЫ. 28 қаңтар. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Бұдан былай теміржол билеттерін автоматты арнайы құрылғыдан сатып алуға болады.

Теміржол билеттерін  автоматты құрылғыдан сатып алуға болады

Бүгін Алматыда «Қазақстан Халық Банкі» АҚ мен «Жолаушылар тасымалы» АҚ теміржол билеттерін сату бойынша автоматты құрылғыларды - өздігінен қызмет көрсететін транзакциялық терминалдарды іске қосу жөніндегі бірлескен жобаны іске асырғандарын хабарлады.

Өздігінен қызмет көрсетуші транзакциялық терминал (ӨҚТТ) - on-line режимінде билет сатуға арналған құрылғы, оны барлық адам тікелей өзіне-өзі қызмет көрсету режимінде пайдалана алады. Бұл құрылғыны (ӨҚТТ) алыстағы және қала маңындағы бағыттарға қатынайтын пойыздарға жол жүру құжаттарын (билеттер) сатуға арналған ақпараттық-транзакциялық жүйенің құрама бөлігі ретінде қарастыруға болады. Аталған жүйе теміржол көлігінің қызметін пайдаланушыларға көрсетілетін қызмет сапасын айтарлықтай арттыруға септігін тигізеді, жолаушының «Экспресс» автоматтандырылған жүйесінен анықтамалық ақпаратты өзі дербес алу, сондай-ақ жол жүретін билет құнын банк карточкасы арқылы on-line режимінде төлеу және жолақылық құжатын (билетті) сатып алу мүмкіндігі болады.

ӨҚТТ құрылғысын орнату жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған іс-шаралар аясында жүзеге асырылып отыр. Терминалдар жаппай электрондық билет сатуды жедел қолға алуға және бұл үрдісті барынша белсенділікпен дамытуға мүмкіндік туғызады және билетті ресімдеу, сатып алу процесінің барынша ашық, бүркемесіз жүргізілуін қамтамасыз етеді.

Бүгінгі күнге дейін «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының Жолаушылар тасымалдау қызметі 10 ӨҚТТ құрылғысын сатып алды, олар Алматы, Астана, Қарағанды, Ақтөбе қалаларының теміржол вокзалдарында орнатылған. Ағымдағы жыл ішінде еліміздің бірқатар ірі қалаларындағы теміржол вокзалдарында тағы да осындай он құрылғыны іске қосу көзделген.

«Қазақстан Халық Банкі» АҚ мен «Жолаушылар тасымалы» АҚ ӨҚТТ құрылғысы арқылы қызмет көрсету жобасын енгізуді 2010 жылдың қыркүйек айынан бастап қолға алған болатын. Халық банкі бірлескен жоба бойынша банк-эквайер ретінде қызмет көрсетеді, бұл кез келген банктің карточкасын иеленушіге ӨҚТТ құрылғысының көмегімен билет сатып алуға мүмкіндік береді.