Теміржол көлігін пайдалану ақысының 10 пайызға өсуі - өзге де энергия көздерінің қымбаттауымен байланысты

АСТАНА. Қаңтардың 5-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Биылғы жылғы қаңтардың 1-нен бастап темір жол көлігін пайдалану құны 10 пайызға қымбаттады.
None
None

Жағдайдың бұлайша қалыптасуын «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамының өкілдері елдегі электр энергиясы, отын, теміржол тасымалына қажетті материалдардың қымбаттауымен байланыстырып отыр. Бұл туралы бүгін аталмыш мәселеге байланысты ақпарат құралдарының өкілдерімен арнайы баспасөз мәслихатын өткізген «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамының Қаржы жөніндегі вице-президенті Бағлан Қапияшева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның сөзіне қарағанда, акционерлік қоғам өкілдері аталмыш шараны жолаушыларды тасымалдаудағы шығындарды азайту мақсатында қолданып отыр. «Әрине, жолаушылар тасымалының шығындары мемлекет тарапынан субсидияланады. Соған қарамастан біз Табиғи монополияларды реттеу агенттігімен келісе отырып, осындай шешімге келдік. Агенттік өкілдері біздің шығындарымызды түпкілікті тексере келе, ұсынысымызды қолдады», деді вице-президент.

Оның айтуынша, теміржол арқылы қатынау тарифтері 2007 жылдың ақпан айынан бастап өзгермеген. Ал инфляция болса, сол уақыттан бері 30 пайызға дейін жетіп, осыған қарай акционерлік қоғамның шығындары да артты. «Жалпы 10 пайыз көрсеткішке келетін болсақ, аталмыш шара қолданысқа енгізілген соң, жолаушылар ең көп жүретін «Алматы-Астана» бағытындағы пойыздардағы купелік вагондардың жолақысы 400 теңгеге қымбаттады. Ал «Алматы-Ақтөбе» бағытындағы купелік орындардың жолақысы 600 теңгеге артады. Біздің бүгінгі тарифтеріміз ТМД-ға мүше елдердің тарифтерімен салыстырғанда 2-2,5 есеге арзан», деді Б.Қапияшева.

Сондай-ақ ол сөзінде «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамының алдағы уақытта да өзінің жеке шығындарын азайтуға күш салатындығын атап өтті. Бұл ретте вице-президент аталмыш шаралардың жұмыс сапасы мен қозғалыс қауіпсіздігіне әсер етпейтіндігін жеткізді.

Соңғы жаңалықтар