Теміржол көлігінде қауіпсіздік нормаларының бұзылуы 13 пайызға жеткен

АСТАНА. 21 қаңтар. ҚазАқпарат - 2011 жылғы 21 қаңтарда Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің Көліктік бақылау комитетінде теміржол көлігіндегі қауіпсіздік мәселелері бойынша комитет басшысы Әділет Барменқұловтың төрағалығымен мәжіліс болып өтті.

 Теміржол көлігінде қауіпсіздік нормаларының бұзылуы  13 пайызға жеткен

Отырысқа көлік прокуратурасының өкілдері, өңірлердегі бас мемлекеттік көлік инспекторлары, сондай-ақ, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы, «Қамқор - Менеджмент» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Қазтеміртранс» акционерлік қоғамының өкілдері мен жөндеу мекемелерінің басшылары қатысты. Отырыс барысында Ә. Барменқұлов теміржол көлігіндегі қауіпсіздік нормаларының бұзылуы 13 пайызға артқанын (631-ден 713 дейін), сондай-ақ қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге әсер ететін бірқатар проблемалар бар екенін ерекше атап өтті. Сонымен қатар, ол теміржол жылжымалы құрамын жөндеу және оның сапасын жақсартуда жаңа технологияларды қолдану қажеттілігіне баса назар аударды. Бүгінде теміржол көлігінде жылжымалы құрамды жөндеумен 66 кәсіпорын айналысады, оның ішінде 24-і жекеменшік болып табылады.

Жөндеу кәсіпорындарын тексерудің 2010 жылғы қорытындысы туралы Көліктік бақылау комитетінің теміржол көлігіндегі бақылау басқармасының бастығы Берік Істлеев баяндады. Оның айтуынша, жөндеу кәсіпорындары, әсіресе, жекеменшік компаниялар қазіргі таңда диагностикалық құралдармен тиісті деңгейде жабдықталмаған, соның салдарынан жөндеудің технологиялық процессі бұзылуда.

Оның үстіне қосалқы бөлшектердің жетіспеушілігі бар. Осы қосалқы бөлшектердің тапшылығы және жөндеуді күту мерзімінің тым ұзақтығы салдарынан жылжымалы құрамның тұрып қалуы белгіленген нормадан асып түседі (30 тәулікке дейін).

Пойыздарға қатысты және маневрлік жұмыстарда жіберілген ақаулардың басты себебі - жекеменшік жөндеу кәсіпорындарының кесірінен жылжымалы құрамды жөндеу технологиясының бұзылуы.

Әрбір жөндеу мекемесінде 2010 жылы бақылау мен диагностиканың жаңа әдістерін енгізуді есепке ала отырып, жөндеудің сапасын арттыру бойынша жоспар әзірленді. Жекеменшік жөндеу мекемелеріне де осындай жоспарды әзірлеу, сондай-ақ, қосалқы бөлшектер мен көрсетілетін қызметтер сапасын бақылау жүйесін енгізу тапсырылды.

2010 жылы Комитет жүргізген тексерулердің қорытындысы бойынша көлік қозғалысында 31 мыңнан аса қауіпсіздік нормаларының бұзылғаны анықталды. Соған сәйкес, 1806 акт жасалып, 1371 бұзушылықты жою жөнінде нұсқаулар берілді. Қозғалыс қауіпсіздігін бұзғаны үшін 13 миллион 585 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Қорыта келе, мәжіліске қатысушылар теміржол жылжымалы құрамын жөндеудің сапасын жақсарту бойынша жан-жақты жоспар дайындау туралы шешім қабылдады. Жөндеу кәсіпорындарының және «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшыларына теміржол жылжымалы құрамының сапасын жақсарту бойынша түбегейлі шараларды жүзеге асыру тапсырылды.