Теміржол көлігіндегі қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға қатысты түзетулер енгізіледі
Бұл туралы Мәжілісте заңнамалық актілерге көлік мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы заң жобасын таныстыру кезінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бірқатар түзету теміржол және су көлігіндегі қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Қазіргі уақытта теміржол көлігіндегі апаттар мен аварияларды тергеуді көлік саласындағы уәкілетті орган, ал оқиғалар мен көлік қақтығысты тасымалдау процесіне қатысушылардың өздері жүргізеді.
Адамдардың өмірі мен денсаулығының құндылығын ескере отырып, заң жобасы аясында жолаушылар пойыздарының жылжымалы құрамының түсуіне немесе соқтығысуына әкелген оқиғаларды тексеруді уәкілетті органның құзыретіне беру ұсынылады. Сондай-ақ, уәкілетті органның құзыретіне Каспий теңізінің аумақтық суларында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік туы астында жүзетін кемелерге қатысты болған авариялық жағдайларды тергеуді қосу ұсынылады», -деді вице-министр заң жобасын таныстыру кезінде.
Бұдан бұрын хабарланғандай, жүктерді автомобильмен тасымалдаудың жоғары қарқындылығы жол төсемінің мерзімінен бұрын бұзылуына жол бермеу бойынша түбегейлі шараларды қабылдауды талап етеді.
Жолдарда көлік құралдарының салмақтық және габариттік параметрлерін өлшейтін автоматтандырылған станцияларды орнату жоспарлануда. Заң жобасында өлшеу станцияларын орнату және олардың жұмыс істеу тәртібін айқындайтын нормалар көзделген.