Теміржол саласындағы қауіпсіздікті нығайту қажет - апталық брифинг
АСТАНА. Наурыздың 4-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Прокурорлық тексерулер еліміздің теміржол көлігі саласындағы жүйелі кемшіліктердің бірі - көлік құралдарының ескіргендігімен байланысты екендігін көрсетті. Аталмыш жағдай жол қозғалысы мен адамдардың өміріне, сонымен қатар қоршаған ортаға төнген қауіп», деді бүгін Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков.
Бұл туралы ол журналистермен болған апталық брифингте мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ресми өкілдің деректеріне қарағанда, «Локомотив» акционерлік қоғамында көлік құралдарының 70 пайызы ескірген. Ал «Қазтеміртранс» акционерлік қоғамында бұл көрсеткіш 60 пайызды құрап отыр. «Тексеру барысында теміржол көліктерінің жоспарлы жөндеуден өтпегендігіне қарамастан, оларды пайдалану әрекеттері анықталды. Осы уақытта прокурорлар орталық көлік аймағындағы жоспарлы жөндеуден өтпеген 113 локомотивтің жұмысын тоқтатты. Ал батыс аймақтық прокурорлары 1 мыңнан астам сапасыз жөндеуден өткен вагондардың қозғалысына тыйым салды», деді Н.Сүйіндіков.
Оның айтуынша, аталмыш салада теміржол тасымалына қатысатын кейбір қызметкерлердің біліктіліктерінің талапқа сай еместігі де анықталды. Мысалы, Қостанай қалалық локомотив пайдалану депосындағы 54 жұмысшының өздерінің арнайы білімі бар екендігін растайтын құжаттары жалған болып шықты. «Қорыта келгенде, прокуратура тексерулерінің нәтижесінде 2 мыңға жуық вагондарды пайдалануға тыйым салынып, түрлі деңгейдегі жауапқа 300-ден астам адам тартылды. Сонымен қатар прокурорлардың ықпал етуімен Көлік және коммуникация министрлігі теміржол көлгі саласындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын қатайтып, ондағы ескірген көлік құралдарын есептен шығару бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр», деді ресми өкіл.