Теміржол жолаушылар тасымалын субсидиялаудың тиімділігі арта түседі - Сенат
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Сенаттың жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне теміржол жолаушылар көлігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңын қабылдады.
Заң жобасы Елбасы Н. Назарбаевтың Жарлығымен бекітілген көлік инфрақұрылымын дамытудың және ықпалдастырудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға бағытталады. Бұл ретте ұзақмерзімді негізде жеке инвестициялар тартуды есепке ала отырып, теміржол тасымалын мемлекеттік реттеу мен ұйымдастырудың бірыңғай жүйесін қалыптастыру үшін құқықтық негіз жасалады. «Құжат негізгі бірқатар міндетті жүзеге асырады. Атап айтқанда, әлеуметтік маңызды қатынастар бойынша жолаушылар тасымалын мемлекеттік субсидиялаудың тиімділігін арттыру қарастырылады.
Мәселен, жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын тасымалдаушылардың залалын мемлекеттік субсидиялаудан олардың шығындарын субсидиялауға көшу көзделеді. Оның ішінде тасымалдаушылардың магистральды теміржол желілеріне, локомативтер күшіне қатысты шығындарын, жолаушылар тасымалы вагондарын жалға алу бойынша шығындарын субсидиялау жоспарланып отыр», дейді Инвестициялар және даму минисирі Әсет Исекешев. Оның айтуынша, субсидиялаудың бұл түрі қаражатты үнемдей отырып, субсидиялау үдерісінің ашықтығын арттырады.