Теміржолмен тасымалданатын Қытай тауарының 51% Қазақстан арқылы өтеді - елші

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Jibek Joly» телеарнасына сұхбат берген Қазақстанның Қытай Халық Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Шахрат Нұрышев екі елдің жан-жақты стратегиялық әріптестігі мен экономикалық әлеуетіне тоқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Теміржолмен тасымалданатын Қытай тауарының 51% Қазақстан арқылы өтеді -  елші

«2020 жылдық қаңтарынан бастап коронавирустық шектеулерге байланысты Қытай Төрағасы сырт мемлекеттерге бармаған. Осы жолы ат басын бұрып, алғашқы мемлекет ретінде Қазақстанды таңдап отырғаны екі ел арасындағы қарым-қатынасқа ерекше мән беретінін білдіреді. Сонымен қатар, бұл Қасым-Жомарт Кемелұлы Президент болғалы Қытай Төрағасының бірінші сапары. Бүгінде екі мемлекет арасында тығыз қарым-қатынастар қалыптасты. Өздеріңіз білетіндей, Қытай басшысының мақаласы жарияланды. Онда екі мемлекет арасында мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестік қарым-қатынас орнағаны жазылған. Мен айтайын, мұндай мәңгілік стратегия Қытайдың Қазақстаннан басқа мемлекеттермен қарым-қатынасында жоқ», - деді Шахрат Нұрышев.

Сұхбат аясында елші Қытайға қатысты қоғам арасында туындап жататын алып-қашпа әңгімелерге түсінік беріп, перспективалы бағыттарға тоқталды.

«Қазір Қытай алып мемлекет, оның түрлі пиғылы бар деген қауесет жүріп жатады. Шынын айту керек, үлкен алпауыт мемлекетпен серіктес болған Қазақстан үшін пайдалы. Ол – көрші. Қытай – әлемдегі екінші экономика. Былтыр оның жалпы ішкі өнімі 18 трлн долларды құрады. Бұл біздің елдің экономикасын көтеруге үлкен мүмкіншілік жасайды. Сонымен қоса, Қытай – бұл үлкен нарық. 1 млрд 400 млн халқы бар. Біздің Қазақстанда шығарылатын түрлі өнімдерді Қытай нарығына шығарып, өзіміздің жергілікті өндірісті дамыта аламыз. Нәтижесінде Қазақстанға келетін пайда көлемі ұлғаяды. Мұнымен қатар, біздің тікелей теңізге шығатын жолымыз жоқ. Дегенмен Қытай арқылы Тынық мұхитына шығып, оңтүстік және шығыс Азия мемемлекеттерімен сауда-саттық жүргізе аламыз. Сол арқылы елімізге түрлі өнімдер келеді. Қытайдың Еуропа елдерімен сауда-саттығы жылына 700 млрд доллардан асады. Оның екі пайызы теміржол арқылы тасымалданады. Сол теміржолмен жөнелтілетін жүкітің 51 пайызы Қазақстан арқылы өтеді», - деп атап өтті Қазақстанның ҚХР Төтенше және Өкілетті Елшісі Шахрат Нұрышев.

Еске салайық, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен бүгін елімізге Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин мемлекеттік сапармен келеді.