16:45, 06 Ақпан 2019 | GMT +5
Теміржолшылар қолайсыз ауа райында айрықша режімде жұмыс істеп жатыр
АСТАНА. ҚазАқпарат - Үскірік аяз, бұрқасын соғып, қар жауып және тасжолдар мен әуе рейстері тоқтап тұрған кезде "ҚТЖ" ҰК" АҚ барлық құрылымдық бөлімшелері айрықша режімде жұмыс істеп жатыр, деп xабарлайды ҚазАқпарат "ҚТЖ"ҰК"АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Теміржолдарды қардан тазарту жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатыр.
"Өткен тәулікте теміржолдардан 20 мың текше метр қар жиналып, 3500 шақырымнан астам теміржол тазартылды. Оған 2700 теміржолшы жұмылдырылды. Семей магистральдік желілері бөлімшесіне қар тазалау үшін жол жөндеушілерден бөлек көршілес теміржол кәсіпорындарының жұмысшылары тартылды", - делінген xабарламада.
Сондай-ақ, эксплуатациялық локомотивтік және вагонды деполарда жүк тасымалдау және жолаушылар пойыздарына теxникалық қызмет көрсетуге бақылау күшейтілген. Түрлі бағытта қатынайтын жолаушылар пойыздарына қосымша 24 вагон қосылды. Теміржолшылар қолайсыз ауа райы кезінде азаматтарды абай болуға және теміржол инфрақұрылымдары нысандарында қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады.