Темірлан Тілеулес — Азия ойындарында чемпион атанған тұңғыш қазақ таеквондошысы

АСТАНА. KAZINFORM — Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатқан жазғы Азия ойындарында Қазақстан таеквондодан тарихи нәтижеге қол жеткізді, деп хабарлайды Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Темірлан Тілеулес Азия ойындарында чемпион атанған тұңғыш қазақ таеквондошысы атанды
Фото: ҰОК

Ерлер арасында 58 кг дейінгі салмақтың финалында отандасымыз Темірлан Тілеулес финалда Курт Брайан Барбозамен күш сынасты. Тартысты жекпе-жекте отандасымыз жеңіске жетіп, қазақтан шыққан тұңғыш Азиада жеңімпазы атанды.

Осыған дейін сары құрлық бәсекесінің ақтық сынына 3 отандасымыз шығып, күміс жүлдені місе тұтқан. Олар:

Феруза Ергешова (Гуанчжоу-2010, 73 кг) 
Нұрсұлтан Мамаев (Инчхон-2014, -58 кг)
Жансель Дениз (Джакарта-2018, 73 кг)

Енді бүгін Темірлан финалдағы осы сәтсіз серияға нүкте қойды.

Бүгін Темірлан Тілеулес алғашқы айқасында Оман өкілінің, ширек финалда әлем чемпионы Аболфазл Зандидің жолын кесті. Ал жартылай финалда Оңтүстік Корея өкілі Ан Хянсикті ұтқан (2-1).

Бұған дейін Айбек Оралбай Қазақстан қоржынына алтын жүлде салғанын жаздық.