Теміртауда 1575 камера арқылы тәулік бойы бақылау жүргізетін орталық ашылды
АСТАНА. KAZINFORM – Теміртау қалалық прокуратурасының базасында қаладағы жағдайды тәулік бойы бақылап, заң бұзушылықтарға жедел ден қоюға мүмкіндік беретін Қадағалау ден қою орталығы ашылды, деп хабарлайды Қарағанды облысының прокуратурасы.
Орталықтың негізгі міндеті – прокурорлық қадағалаудың тиімділігін арттыру, заңдылықтың сақталуын бақылауды күшейту, азаматтардың құқықтары мен мемлекет мүдделерін қорғау үшін жедел шаралар қабылдау.
Орталықтағы бірыңғай бейнеқабырғаға 1575 камера қосылған. Олар қала көшелері мен саябақтарда, мектептерде, балабақшаларда, медициналық мекемелерде және басқа да нысандарда орнатылған.
– Қадағалау ден қою орталығы уақытша ұстау изоляторларындағы азаматтардың құқықтарының сақталуын да қашықтан бақылауға мүмкіндік береді. Прокурорлар заң бұзушылықтарды оқиға орнына бармай-ақ дер кезінде анықтап, тиісті шара қабылдай алады. Орталық жұмысының нәтижесінде заңсыз қамауда отырған сегіз адам босатылды, – деп хабарлады прокуратура.
Орталық цифрлық қадағалау жүйесімен де интеграцияланған. Бұл прокуратураның заң бұзушылықтарды анықтау және олардың алдын алу мүмкіндіктерін кеңейтеді.
Мониторингті кезекші прокурорлар тәулік бойы жүргізеді. Құқық бұзушылық немесе өзге де заң талаптарының бұзылуы анықталған жағдайда ақпарат жедел өңделіп, қажетті шаралар қабылданады.
Прокуратура мәліметінше, қабылданған шаралар Теміртаудағы қылмыс деңгейін 28%-ға төмендетуге ықпал еткен. Аса ауыр қылмыстар саны 50%-ға, ал кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстар 87%-ға азайған.
Орталықтың ашылуына Бас прокуратураның Қаржы департаментінің бастығы Ілияс Испанов, қызмет бастығының орынбасары Ақымжан Үмбіталин, Қарағанды облысының прокуроры Мұрат Тілеубердиев және қаланың мемлекеттік органдарының өкілдері қатысты.
Іс-шараға қатысушылар қадағалау қызметіне цифрлық технологияларды одан әрі енгізу заң бұзушылықтарға ден қою жеделдігін арттырып, мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Айта кетейік, Астанадағы білім беру ұйымдарындағы 12 мыңнан астам камера жедел басқару орталығына қосылды.