Теміртауда баллон газына тыйым салынды: тұрғындар алаңдаулы

ТЕМІРТАУ. KAZINFORM - Теміртауда газбен қамтуға қатысты жағдай күрделене түсті. Соның салдарынан тұрғындардың бір бөлігі амалсыздан электр плиталарын қолдануға көшіп жатыр. Қала халқы өрт шығу қаупі, электр желілерінің шамадан тыс жүктелуі және нақты баламаның жоқтығы туралы айтып дабыл қағып жатыр. Ал билік өкілдері жағдайды қауіпсіздік талаптарымен және жеткізуші компанияның міндеттемелерін орындамауымен түсіндіріп отыр.

м
Фото: Тұрғындардан

Теміртауда көпқабатты тұрғын үйлерді газбен қамту мәселесі ушығып отыр. Газ баллондарын пайдалануға шектеу қойылғаннан кейін тұрғындар жаппай электр плиталарына көшіп жатыр. Алайда олар мұндай өзгеріске қаладағы электр желілері дайын емес екенін айтып, алаңдаушылық білдірді.

п
Фото: Тұрғындардан

Қала тұрғыны Наталья Губина ескі үйлер жоғары электр жүктемесіне есептелмегенін айтады.

– Біздің үйлер электр плиталарына арналмаған. Сым жүйесі мүлде көтермейді. Үй 1962 жылы салынған, содан бері электр сымдары бір рет те ауыстырылған жоқ, – дейді ол.

Оның сөзінше, жаңа розетка орнату да мәселені шешпейді. Себебі орталық желінің өзі мұндай қуатты көтермеуі мүмкін. Ал электр плитасының қуаты кемінде 3,5 киловатт болады. Ескі үйлер мұндай жүктемеге бейімделмеген.

в
Фото: Тұрғындардан

Тұрғындардың алаңдаушылығын Антонина Лихутова да қолдайды. Оның айтуынша, алдағы уақытта от жағып, пешке қайта оралуы әбден мүмкін.

– Енді тамақты немен пісіреміз? 90-жылдардағыдай далаға шығып от жағатын шығармын. Тұрмыстық техникалар жүктемеге шыдамайды: микротолқынды пеш гуілдейді, сымдар ескі, қысқа тұйықталу болып, өрт шығып кете ме деп қорқамын. Қазір бәрі пластик қой, – дейді ол.

Теміртаулықтар сондай-ақ барлық адамның бірден электр плита сатып алуға шамасы жетпейтінін айтады. Олардың пікірінше, мұндай тыйым кезең-кезеңімен енгізілуі керек еді. Себебі бұған қажетті инфрақұрылым дайындалмаған. Қала тұрғындары алдымен газ жүйесін реттеп алып, содан кейін ғана шектеу енгізу қажет болғанын алға тартады.

Мәселе әлеуметтік осал топтарға да әсер еткен.

– Мен 93 жастамын. Менде электр плита жоқ. Неге мен аш отыруым керек? Алдымен газ жүргізіп беріңіздер, содан кейін тыйым салыңыздар, – дейді Галина Безотечество наразылығын білдіріп.

Теміртау әкімдігі жағдай жеткізуші компанияның міндеттемелерін орындамауына байланысты екенін түсіндірді.

– «Газ Инпекс» ЖШС келісімшарттағы міндеттемелерін орындамай отыр. Газ реттеу қондырғыларын толтыру жұмыстары жүргізілмейді, – делінген ресми хабарламада.

Билік өкілдерінің мәліметінше, қазіргі таңда келісімшартты бұзу рәсімі заң аясында жүргізіліп жатыр.

у
Фото: Тұрғындардан

– Әкімдік тарапынан келісімшартты бұзу туралы хабарлама жолданды. Қазір біржақты тәртіппен бұзу рәсімі жүргізіліп жатыр. Осыдан кейін жаңа жеткізуші анықталады, – деп мәлімдеді Теміртау қаласының әкімдігі.

Сондай-ақ әкімдік көпқабатты үйлерде екінші қабаттан жоғары баллон газын пайдалануға заң бойынша тыйым салынғанын еске салды.

– Бұл талаптар ең алдымен қауіпсіздік мәселесіне байланысты енгізілген. Қалада бұған дейін баллон газына қатысты төтенше жағдайлар тіркелген, – деп атап өтті әкімдікте.

Билік өкілдері қаладағы электр желілері тұрақты жұмыс істеп тұрғанын да мәлімдеді.

– Қаланың электр желілері штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Қосымша қуат жаңа тұтынушыларды қосуға мүмкіндік береді, – делінген хабарламада.

Ал заңгерлер мен сарапшылар мәселенің құқықтық жағына назар аударып отыр. Қоғам белсендісі әрі заңгер Антон Поляков бұл жағдай жан-жақты бағалауды қажет етеді деп есептейді.

– Балама жоқ және желілер тозған жағдайда адамдар тығырыққа тіреледі. Өтпелі кезеңнің, өтемақының және инфрақұрылымды жаңғыртудың болмауы желілердің шамадан тыс жүктелуіне және төтенше жағдайларға әкелуі мүмкін, – дейді заңгер.

Теміртаудағы газбен қамту мәселесі әзірге шешімін тапқан жоқ және құқықтық реттеу кезеңінде тұр. Әкімдік қазіргі жеткізушімен келісімшарт бұзылғаннан кейін үйлерге газ жеткізуді қамтамасыз ететін жаңа оператор анықталатынын хабарлады. Газбен қамту қашан толық қалпына келтірілетіні жөнінде барлық рәсім аяқталған соң қосымша ақпарат берілмек.

Бұған дейін Түркістан облысы Мақтаарал ауданына қарасты Тәңірберген Жайлыбаев ауылының тұрғындары жаңадан тартылған газ желісінің сапасына шағымданғаны туралы хабарлаған болатынбыз.