Теміртауда ерлі-зайыптының өліміне қатысты іс қозғалды

ТЕМІРТАУ. KAZINFORM — Қарағанды облысының Теміртау қаласында 52 жастағы ер адам мен 49 жастағы әйелдің өліміне байланысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Оларды өлтірді деген күдікпен марқұмдардың 20 жастағы ұлы ұсталды.

полиция
Фото: Polisia.kz

Қайғылы оқиға 7 қазанда Республика даңғылындағы пәтерлердің бірінде болған. Полицияға екі адамның мәйіті табылғаны туралы хабар түскен.

Аталған дерек бойынша «Адам өлтіру» бабы негізінде қылмыстық іс қозғалды. Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері қылмысқа қатысы болуы мүмкін адамның жеке басын анықтаған. Ол марқұмдардың 20 жастағы ұлы болып шықты. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

— Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді, — деп хабарлады Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

Бұған дейін Тараз қаласында 24 жастағы ер адамды өлтірді деген күдікпен азамат ұсталғанын хабарлаған болатынбыз.