Теміртауда жүргізуші полицейлерден қашқаны үшін 174 мың теңге айыппұл төлейді
АСТАНА. KAZINFORM- Теміртау қаласында полицияның тоқтау туралы талабына бағынбаған жүргізушіге 174 мың теңге айыппұл салынды. Сонымен қатар сот оны 15 тәулікке әкімшілік қамауға алып, 8 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Істі қараған Теміртау қаласының мамандандырылған әкімшілік соты осындай шешім шығарды.
-Полицейлерден қашу жауапкершіліктен құтқармайды. Керісінше, мұндай әрекеттер жол қозғалысының басқа қатысушыларына қауіп төндіруі мүмкін. Әсіресе, масаңдық белгілері байқалған жүргізушілердің медициналық куәландырудан бас тартуы алаңдатады. Көлік басқару – үлкен жауапкершілік. Әрбір жүргізуші өз өмірімен қатар, айналасындағылардың қауіпсіздігіне де жауапты екенін ұмытпауы тиіс. Сондықтан мұндай құқық бұзушылықтардың жолын кесу бағытындағы жұмыстарды жалғастырамыз, – деді Әсет Буланбаев.
Жыл басынан бері Теміртау қаласы патрульдік полиция батальонының қызметкерлері алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйде көлік басқарудың 75 дерегін анықтаған. Сонымен қатар 19 жүргізуші медициналық куәландырудан өтуден бас тартқан.
-Полиция жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтап, қызметкерлердің заңды талаптарын орындау қажеттігін ескертеді. Медициналық куәландырудан бас тарту да заңда көзделген жауапкершілікке әкеп соғады,-делінген хабарламада.
Осыған дейін Алматыда жүргізуші куәлігінен айырылған 400 адам қайтадан көлік басқарғаны туралы жаздық.