Теміржол саласында Wabtec және Huawei-мен бірге жасанды интеллект енгізіліп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Көлік министрі Марат Қарабаев еліміздегі теміржол саласында жасанды интеллектіні енгізу барысы жайында түсінік берді.
- Цифрлық технологияларды қолдану - саланың дамуында негізгі факторларының бірі. Теміржол саласында PSA компаниясымен бірлесіп, кедендік және транзиттік бизнес-процестер цифрланды, Wabtec және Huawei компанияларымен бірге жасанды интеллект технологиялары енгізіліп жатыр. Логистиканы оңтайландыру үшін «бір терезе» форматы жұмыс істеп тұр, - деді М. Қарабаев Парламент Мәжілісінде көлік-логистикалық әлеуетін дамыту тақырыбына арналған Үкімет сағатында.
Оның айтуынша, автомобиль көлігі бойынша, осы жылдан бастап электронды рұқсат бланктерін алмасу және Көлік құжаттарын басқарудың біріңғай жүйесі енгізілді.
- Жергілікті әкімдіктермен бірлесіп 20 автоматтандырылған өлшеу станциясы орнатылды. Автомобиль жолдары саласында «e-Joldar» жүйесі жасақталып жатыр. Азаматтық авиацияда барлық әуежайларда электронды құжаттар қолданылуда және рейстер кешіккен кезде жолаушыларды автоматты түрде сақтандыру енгізіліп жатыр. Министрлік цифрлық дамудың нақты векторын айқындады. Бұл вектор 5 жылдық кезеңде Цифрлық трансформация картасы аясында жүзеге асырылып жатыр, - деді министр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, М. Қарабаев теміржол саласында іске асырылып жатқан ірі жобаларға түсінік берді.