Теміржолға қысылып қалған көлік салдарынан пойыз 16 минутқа кідірді
АСТАНА. KAZINFORM — Жол талғамайтын көлік Медеу — Жетісу аралығында жолаушылар пойызының өтуіне кедергі келтірген, деп хабарлайды «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі.
— 12 наурыз сағат 15:46–да Алматы-2-Павлодар бағыты бойынша келе жатқан жолаушылар пойызының машинисі темір жолына белгіленбеген жерден шығып, рельстер арасында қысылып қалған Toyota Land Cruiser маркалы автокөлігінің кесірінен шұғыл тежеуді қолдануға мәжбүр болды. Өтіп бара жатқан теміржолшылар жедел түрде жол талғамайтын көлікті қауіпсіз жерге сүйреп апарды, содан кейін жүргізуші оқиға орнынан қашып кетті. Оқиға салдарынан пойыз 16 минутқа кідірді. Оқиға туралы полицияның желілік басқармасына хабарланды, тергеу жүргізілуде, — делінген таратылған ақпаратта.
2025 жылғы қаңтар-ақпанда теміржол өткелдерінде автокөлік құралдары жүргізушілерінің жол қозғалысы ережелерін бұзуына байланысты 4 жол-көлік оқиғасы (ЖКО) тіркелді. Бұл жолаушылар мен теміржол қызметкерлерінің қауіпсіздігіне қауіп төндірді.
Былтыр теміржол өткелдерінде осындай 26 ЖКО болды. ҚТЖ жол қозғалысының барлық қатысушыларын теміржолдағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады.
Бұған дейін хабарланғандай, көліктегі полиция департаменті Алматы әуежайында қызды кепілге алған ер адамды ұстауға қатысқан қызметкерлер бойынша түсінік берді.