Тендер өткізу барысында пара талап ету заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі жасаудың негізгі жолы болып отыр
АСТАНА. 13 сәуір. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Тендер өткізу барысында пара талап ету заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі жасаудың негізгі жолы болып отыр.
Бұл туралы бүгін елордада ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті.
Оның атап өтуінше, Астана қаласында ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің Мемлекеттік материалдық резервтер комитеті «Резерв» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының директоры Байжұманов қамауда сот үкімін күтуде. Оған кәсіпкерден атқарылған жұмыстарды қабылдау актісіне қол қою үшін 500 мың теңге пара талап етті деген айып тағылып отыр.
Сонымен қатар Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданындағы Ембі қаласының әкімі Жұбанышевке қатысты қылмыстық істі тергеу жалғасуда. «Ол делдал, яғни әкім аппаратының бас маманы арқылы жеке кәсіпкерден қаңғыбас иттерді ату бойынша атқарылған жұмыстардың актісіне қол қою және алдағы тендерлерде жеңуге көмектесу үшін 76 мың теңге пара алды деп айыпталуда», - деді М.Жұманбай.