Теңге бағамы интервенция арқылы нығайып жатыр ма – Ұлттық банк жауап берді
«Кейбір сарапшылар айтып жүргендей, теңге бағамы интервенция арқылы нығайтылып жатыр ма?», - деп сұрады БАҚ өкілі.
Ғалымжан Пірматов Ұлттық банк валюта саясатын барынша ашық жүргізіп отырғанын баса айтты.
«Біз былтырдан бастап Ұлттық банктің валюта нарығындағы бүкіл операцияларын транспарентті түрде ашып айтып келеміз. Теңге бағамы тек нарықтағы сұраныс пен ұсыныс базасында ғана қалыптасып жатыр. Біз Ұлттық қордан қанша ақша сатқанымызды, Ұлттық банкке қарасты қорлардың бәрінде қандай валюта оперциясын жасағанымызды ашық айтып отырмыз. Оның ішіндегі ең үлкені – зейнетақы қоры. Ол қор арқылы біз жылдың басында-ақ биыл 2 млрд доллар сатып алатынымызды мәлімдегенбіз. Оны 12 айға теңдей бөліп, күн сайын істейміз. Бұл теңгенің долларға деген бағамына барынша ықпал етпеу үшін жасалады», - деді ол.
Ұлттық банк басшысы биыл квазимемлекеттік сектордың валютадағы табысын сатуына қойылатын талаптарды жеңілдеттілгенін еске салды.
«Былтыр табысының 75 пайызын сатуы керек болса, биыл 50 пайыз табысын сатады. Сондықтан ешқандай жасырын немесе жасырын емес интервенция жасаған жоқпыз. Бұл біздің мүддемізге жат», - деді Ұлттық банк төрағасы.
Айта кетейік, Ұлттық банктің ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені 16,75% деңгейінде қалдыру жөнінде шешім қабылдады.