Теңге бағамына байланысты «Қолжетімді баспана» бағдарламасына өзгеріс енгізілуі мүмкін
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қолжетімді баспана» бағдарламасын жүзеге асыру барысында өзіміздің қадамдарымызды жақын арада айқындаймыз.
Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев мәлім етті.
«Теңгенің АҚШ долларына шаққандағы бағамының өзгеруі себебіне байланысты «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінде» теңгелік жүйеде сақтаған салымшылардың жағдайы қандай болмақ және нарықта және «Қолжетімді баспана» арқылы пәтерлердің құны өзгеріске ұшырай ма?» деген сауалға Е. Досаев пәтер бағасына қарай өзгерістер болуы мүмкін екенін жеткізді. «Бірақ, баспана бағасы көп өзгермейді деп пайымдап отырмыз. Өйткені, осы жылы өткен жылдармен салыстырғанда инфляцияға қарап, бағаның көп өспегенін байқап отырмыз. Себебі, бүгінде салынып жатқан баспана құрылысындағы жағдай 5-6 жыл бұрынғыдай емес. Қазіргі кезде сатылып жатқан көп пәтер жоқ. Соған қарағанда көп өзгерістер болмайды»,-деді министр.
Осы орайда ол осыған дейін де баспана құны тұрғысында нарықтағы баға АҚШ долларына ауыстырып бағамдалғанын айта келе, елеулі өзгерістер болмайтынын сөз етті. Сонымен қатар министр «Қолжетімді баспана» бағдарламасы ары қарай жүзеге асырылатыны. Бұл бағытта барлық үрдістер тыңғылықты бақыланып, қажет болған жағдайда Үкімет тиісті шараларды қабылдайды», деді Е. Досаев.
Теңгенің бағамы бүгін ғана өзгеруіне байланысты Тұрғынүйқұрылысжинақта теңгелік жүйеде сақталған жинақ бойынша түбегейлі өзгерістер әзірге жоқ екенін атап өтті. «Алайда біз «Қолжетімді баспана» бағдарламасын жүзеге асыру барысында өзіміздің қадамдарымызды жақын арада айқындаймыз»,-түйді ол.