Теңге бағамының бір айда әлсіреуі: Ұлттық банк түсінік берді
«Биылғы маусым айының соңынан 10 тамыз аралығындағы кезеңде түрік лирасы 6,9 пайызға, Индонезия рупиясы – 3 пайызға, Аргентина песосы 3,3 пайызға арзандады. Жалпы үрдіс аясында Ресей рублі де 3,6 пайызға әлсіреді», - деді ҰБ басшысы бүгінгі Үкімет отырысында.
Оның сөзіне қарағанда, дамушы елдер валюталарының әлсіреуі аясында теңгенің айырбастау бағамы биылғы шілдеден бастап 10 тамыздағы жағдай бойынша 1 АҚШ доллары үшін 404,07 теңгеден 418,31 теңгеге дейін 3,5 пайызға әлсіреді.
«Теңгенің әлсіреуі бір баррель үшін 40 АҚШ долларынан жоғары деңгейде тіркелген мұнай бағасын белгілеумен тежеледі. 7 тамызда мұнай бағасы мұнай қорының төмендеуі және ОПЕК+ мәмілесінің сақталуы аясында бір баррель үшін 44,4 доллар деңгейінде бекіді», - деді Е. Досаев.
Республикалық бюджетке кепілдік берілген трансфертті бөлу мақсатында Ұлттық қор активтерін конвертациялау, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор компанияларының экспорттық валюталық түсімінің бір бөлігін міндетті сату жөніндегі ұзартылған шаралар ұлттық валютаға ішкі қолдау көрсетті.