Теңге бағамының өзгеруі БЖЗҚ инвестициялық табыстылығына қалай әсер етті

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін  БЖЗҚ АҚ өткізген баспасөз мәслихатында басқарма төрайымы Нұрбүбі Наурызбаева қордың инвестициялық табыстылығына теңге бағамының өзгеруі қаншалықты ықпал еткені туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Теңге бағамының өзгеруі БЖЗҚ инвестициялық табыстылығына қалай әсер етті

«Инвестициялық табыстылық алғашқы жартыжылдықта инфляцияға қарағанда өте ауқымды болды. Белгілі бір дәрежеде оған валюта бағамының өзгеруі ықпал етті. Өздеріңіз білесіздер, Ұлттық банк портфельдің валюталық жағын жақсартып жатыр. Бұл былтыр қабылданған шешім болатын», - деді Нұрбүбі Наурызбаева.

Оның айтуынша, табыстың 70%-ы бағалы қағаздар, депозиттер, РЕПО операциялары бойынша сыйақыдан түскен. Ал олардың басым көпшілігі теңгемен қайтарылады.

«Табыстың 20%-ы ғана шетел валютасының арасындағы айырма болып табылады. Бірақ, бұл жерде де табыстың 20 пайызы тек қана теңгенің күшеюінен түсті деп айта алмаймыз», - деді ол.

2018 жылдың 1 шілдесіне қарай зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 8,4 триллион теңгені құрап, жыл басынан бері 663,6 млрд теңгеге немесе 9 пайызға өсті.

2018 жылдың алғашқы жартысында салымшылар мен алушылардың зейнетақы шоттарына есептелген таза инвестициялық табыс сомасы 356,4 млрд теңге болды. Жыл басынан бері табыстылық 4,5 пайызға жетті. Бұл кезеңде инфляция деңгейі 2,6 пайыз болды. Ал жылдық тұрғыда алып қарайтын болсақ, Қордың зейнетақы активтерінің табыстылығы 2017 жылдың 1 шілдесі мен 2018 жылдың 1 шілдесі аралығында 9,5 пайызды құрап отыр. Ал бұл кезеңдегі инфляция деңгейі 5,9 пайыз болды.

Ағымдағы жылдың алғашқы алты айы ішінде зейнетақы жарналары бойынша түсімдердің жалпы сомасы 407,5 млрд теңгеге (кері қайтарылған жарналарды есепке алмағанда) жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (366,4 млрд теңге болған) 11 пайызға жоғары. Бұл ретте түсімдердің негізгі үлесі міндетті зейнетақы жарналарына тиесілі.