Теңге курсының нығаюына не ықпал етті
Жыл басынан бері теңге 1 АҚШ доллары үшін 458,24 теңгеге дейін 1% нығайды. Бұл туралы ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Виталий Тутушкин айтты, деп хабарлайды Kazinform.
«Жыл басынан Ұлттық қордан валюта сату теңгеге қолдау көрсетті. Осы уақытқа дейін 8,8 млрд АҚШ доллары сатылды. Сондай-ақ, жыл басынан бері мемлекеттік бағалы қағаздар нарығына бейрезиденттердің капитал ағыны 258 млн доллар болды», — деді Виталий Тутушкин Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Спикердің айтуынша, импорттаушылар тарапынан маусымдық сұраныстың артқаны байқалады. Оған жобаларды іске асыру циклінің жандануы барынша ықпал етіп отыр.
«Ұлттық Банк еркін бағам белгілеу режимін ұстануды жалғастырады және валюталық интервенциялар жүргізбейді», — деп толықтырды В. Тутушкин.