Теңге ілу: II Азия кубогының жеңімпаздары анықталды
АСТАНА. KAZINFORM – Шымкенттегі орталық ипподромда V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық аясында теңге ілуден II Азия кубогының екінші күнгі жеңімпаздар мен жүлдегерлері анықталды.
Ұлттық спорт қауымдастығы хабарлағандай, «бес белес» стилі және «қос құлаш» сайысы бойынша жеңімпаздар мен жұлдегерлер анықталды. «Бес белес» стилі бойынша 1-орынды Ғалымжан Ізжанов, 2-орынды Рахат Қамбаров, ал үздік үшінші орынға Қанат Бақтыбай ие болды.
«Қос құлаш» сайысы бойынша бас жүлдені Рахат Қамбаров қанжығасына байласа, 2-орынды Бекнұр Серіков, 3-орынды Әділжан Айып жеңіп алды. Бірінші орын алған спортшылар 500 мың, екінші орын алғандар 300 мың, ал үшінші орын алған спортшылар 200 мың теңгемен ақшалай сыйлық алды.
Аталған біріншілікке Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Қытай, Моңғолия және Тәжікстаннан келген спортшылар теңге ілу сайысының 3 стилі бойынша бақ сынады.
Естеріңізге сала кетсек, алғашқы жарыс күнінде Түркістан облысының жігіттері жеңімпаз атанғанын жазған болатынбыз.
Республикалық Теңге ілу федерациясы Қазақстан ұлттық спорт түрлері қауымдастығының құрамына кіреді.