Теңгенің айналымға енгізілуі дербес экономикалық кеңістігіміздің қалыптасуына негіз болды - Түймебаев
АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев облыс тұрғындарын төл теңгеміздің туған күнімен құттықтап, өзінің жылы лебізін білдірді.
«Құрметті қаржыгерлер! Сіздерді Тәуелсіздігіміздің тұғырлы нышандарының бірі төл теңгеміздің және қаржыгерлердің кәсіби мерекесімен құттықтаймын! 1993 жылы 15 қарашада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен ұлттық валютамыз теңге айналымға енгізілді. Осы тарихи оқиға дербес экономикалық кеңістігіміздің қалыптасуына негіз болып, Қазақстанның өзіндік қаржы нарығының түптамыры болып қалыптасты. Осы жылдар ішінде жүргізілген байыпты экономикалық реформалар Қазақстанның қаржы жүйесін нығайтып, толағай табыстарға қол жеткізілді. Ұлттық валютамызды айналымға енгізудің арқасында Қазақстан еркін сауда айналымына қадам басып, дербес қаржы саясатын жүргізу құқығына ие болды. Еліміздегі банк жүйесі өркениетті елдердің алдыңғы қатарлы қаржы ұйымдарымен тең дәрежелі болды. Мұндай толымды істерге ақша-несие саясатын жемісті жүзеге асырып отырған Сіздердің де қосқан үлестеріңіз қомақты деп білемін»,-деп атап өтті аймақ басшысы өз құттықтауында.
Сонымен қатар ол, қаржыгерлерге қарата айтқан құттықтауында олардың жауапты жұмыстарына толағай табыстар тіледі.
«Құрметті қаржыгерлер! Сіздер еліміздің, соның ішінде оңтүстік өңірінің əлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан білікті мамансыздар. Бүгінгі мерекелеріңізде ел игілігі жолындағы жауапты жұмыстарыңызға табыстар тілей отырып, Тәуелсіз Қазақстанның өсіп-өркендеуі жолында теңгеміз экономикамызға тегеурінді қызмет етсін дегім келеді! Баршаларыңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға бақ-береке, амандық тілеймін!»,-деді Жансейіт Қансейітұлы.