«Теңгенің айырбас бағамының әрі қарай нығаюға әлеуеті бар»- баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 16 қыркүйек, сейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мқалаларға шолуды ұсынады.

«Теңгенің айырбас бағамының әрі қарай нығаюға әлеуеті бар»-   баспасөзге шолу

***

«Маңғыстауда биыл жер жұтаң, көктем кезінде де, ала жаз бойына да бір тамшы жаңбыр жауған жоқ. Жалпы, бұл құрғақшылық соңғы жылдары жиі белең алып келеді. Өткен жылы Бозашы бойына бір тамбаған жаңбыр жаздың соңына таман төгілтіп, артынша жарықтық жер көктеп, мал-жан, әсіресе, төрт түлік қарық болған, қысқа дейін қоңданып та алған еді. Биыл жердің де, малдың да жағ­дайы жақсы емес. Бұған жуырда іссапармен Бозашы бойындағы ауыл-аймақты аралап қайтқанда көз жетті. Ауылдарға жеткенше, жол бойы көргеніміз жылқыға тән асау мінезбен жұлына ойнақтайтын еркелік, паңдық жоғалып, сүйектері сойдия ілбіп жүрген сүлдерлер. Тапа-тал түсте Тұщықұдық ауылындағы қораға оншақты жылқыны қамап, өзгелерін қайырмалап, ішінде ең әлсіз дегендерін жемдеп тұрған шаруаға жолықтық. «Мал атаулының күйі кетіп тұр, алдымен сыр берген жылқылар болды. Жұрт қазір жылқы соңында жүр, бірақ аш жыл­қыға не істей алады?» - дейді ол. Ай­туынша, 30 келілік кебек жем­нің бағасы 1000 теңге жә­не ол таптырып тұрса, сөз жоқ»,-деп жазады «Егемен Қазақстан» басылымы «Маңғыстауда мал аштығы: мәселе қалай шешіледі?» деген мақалада.

Осы газетте «Қазақ биі қай деңгейде?» атты мақала жарық көрді. «Astana Ballet» хореографиялық ұжымының әлемдік турнесі 20 қыркүйекте Францияның Le Palais des Congrès de Paris театрынан бастау алады.

Мұнан кейін өнер ұжымының гастрольдік сапары 24 қыркүйекте Австрия астанасы - Венадағы HALLE концерт залында жалғасатыны мәлім болуда. Соңғы уақытта әлемдік деңгейдегі театр сыншылары мен өнер зерттеушілері назарын аудартып отырған қазақстандық жас хореографиялық ұжымның тамаша жетістігіне 30 қыркүйекте Мәскеудегі К.С.Станиславский және В.И.Немирович-Данченко атындағы музыкалық академиялық театрында тағы бір мәрте көз жет­кізуге мүмкіндік туып отыр.

«Париж. Вена. Мәскеу... сияқты ірі мәдени мегаполистерде өнер көрсету біз үшін, әрине, бір жағынан мәртебе саналса, екінші жағынан жас өрендер шеберлігіне үлкен сабақ екені сөзсіз. Еуропа көрермені қазіргі заманғы хореографиялық өнердің барлық ағымдарымен жақсы таныс болғандықтан, алдағы болатын гастрольдер жас ұжымға зор жауапкершілік жүктейді. Бізге талғамы жоғары көрермен мен балеттің түрлі стильдерінің майталмандары алдында сынақтан өтуге тура келеді. Ұжым соңғы уақытта көрермен алдында жетістікке жеткен жаңа туындыларды таныстырады. Біз бұл гастрольдік сапарда Қазақстан би өнеріне шетелдік көрерменнің қызығушылығын арттырып, сыншылардан лайықты бағамызды алып қайтамыз деп үміттенемін. Әлі жас әрі әлемдік мәдени кеңістікке енді еніп жатқан ұжым үшін осының өзі ел мәдениетін өркендетуге қосқан қомақты үлес болып қалары даусыз», - деді газетке берген сұхбатында ұжымның директоры Валерий Күзембаев.

***

«Айқын» газетінің бүгінгі санында « Теңгенің айырбас бағамының әрі қарай нығаюға әлеуеті бар » деген тақырыппен ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Қайрат Келімбетовпен арадағы сұхбат берілген. «Қаржы секторындағы жағымды жа­ңалық - алғашқы жартыжылдықта актив­тердің өскенін байқаймыз. Өсім 15 пайыз. Заңды және жеке тұлғалардың салымы 15 пайыз. Бұл қаржы секторындағы жағдай­дың тұрақты екенін көрсетеді. Ал инфля­ция соңғы 7 ай көлемінде 4,9 пайыз болды, жылдық деңгей бойынша ол 7 пайыздан кем, яғни бұл ақпан айындағы валюталық өзгерістің орын алуына қарамастан, инфля­цияның соншалықты үлкен емес деңгейін көрсетеді. Мәселен, Ресейдің валюталық саясатында өзгеріс болған жоқ, алайда олар­дағы инфляция деңгейі 7,5 пайыз. Ал біз 6-8 пайыз көлемінде келеміз және жағ­дайдың қалай болып тұрғанына зер салып отырмыз. Валюталық өзгеріс туралы айтар болсақ, шілде-тамыз айларында кішкене толқу бол­ды. Бұл мәселені таратып айтайын. Біз­де 2012-2013 жылдары «девальвациялық күту» жағдайы орын алған, 2012 жылдың аяғында алтын-валюта қорының ауқымы кеміп, 28 млрд. АҚШ долларын құрады, ал былтырғы жылдың соңында 24 млрд. дол­ларға дейін азайды. Ол кезде біздің негізгі сауда серіктесіміз Ресейдің рублі де құн­сыз­данды, сондықтан валюталық түзету енгізу шешімі қабылданды. Естеріңізде болса, осы жылы қаңтар-ақпан аралығында дол­лардың рубльге шаққандағы құны 36 рубль­ге теңескен. Біз түзету жасаған кезде тең­генің долларға шаққандағы құнын 185 тең­ге плюс-минус 3 теңге деп алдық. Ал қа­зір Ресейдің рублімен салыстырғандағы теңгенің құны Ресейдің 40-42 сомына бір АҚШ долларын сатып алғанмен тең (Ресей экономикасының біздің экономика үшін маңызды рөл ойнайтынын білесіздер). Ресей рублі біресе - 34, біресе 32 рубльге ауысып отыр, сондықтан біздің елдің аза­мат­тарының алаңдамауы үшін айтары­мыз - біздің 185 теңге етіп алған доллар курсы­мыз Ресей рублінің долларға шақ­қан­дағы 40-42 сомына сәйкес келеді»,-дейді Қ. Келімбетов.

Осы басылымда «Қажылық алдында қадағалау күшейді» деген мақала жарияланды. «Әлем мазасыз күйде. Жер шарының түрлі аймақтарында бұрын-соңды атын естімеген дерт ошақтары пайда болып, жұқпалы аурулар асқынып тұр. Бұл жағдай дүниенің төрт бұрышына кез келген уақытта баруына мүмкіндігі бар қазақстандықтарды алаңдатары анық. Өйткені қауіпті аурумен сырқаттану өз алдына, сақтанбаса вирустың әп-сәтте ел аралап кетуі мүмкін. Сондықтан еліміздің денсаулық сақтау, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау қызметінің өкілдері қалыптасқан барлық жағдайды сараптан өткізіп, дерттен сақтану шараларын жіті ұйымдастыруда. Соның бірі «Республикалық санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығында» өтті. Бұл басқосу қазақстандық азаматтар­дың қажылық сапары алдында арнайы ұйым­дастырылды», - деп жазады газет. Қазір еліміздің барлық әуежайларында сырт­тан келетін қонақтарды бақылайтын құрылғылар орнатылған. Онда тәжірибелі ма­мандар қызмет істейді. Мұндай қажет­тілік­ті уақыт талап етіп отыр. Бәрінен де құ­зырлы орындар елімізден қажылыққа ба­ратын 5 мыңға жуық азаматтың аман барып, сау қайтуын қадағалап, сапарла­ры­ның сәтті болуын тілеп отыр.

***

«Экспресс-К» газетінің бүгінгі санында « Не буди Рихтера, пока он тих » атты мақала басылды. Алматылықтардың көбісі жиілеп кеткен жер сілкіністеріне алаңдаулы. Тек екі күнде сейсмологтар жерасты үш дүмпуін тіркеді, яғни, Алматы маңында және көршілес Қырғызстан аумағында. Өткен жексенбіде Алматыдан 160 шақырым жерде магнитудасы 4,4 жер сілкінісі болса, дүйсенбіге қараған түнде сейсмологтар Қырғызстан жерінде бірден екі жерасты дүмпулерін тіркеді.