Теңгенің алдағы динамикасы қандай жағдайларға байланысты болмақ

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық банк теңгерімсіздікті болдырмайтын икемді бағам белгілеу режимін ұстанады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов айтты.

деньги, тенге, ақша
Фото: Александр Павский/Kazinform

- Қарашада теңгенің айырбас бағамы бірқатар факторға байланысты 1 доллар үшін 512,52 теңгеге дейін, яғни, 5 пайызға әлсіреді. Доллардың жаһандық нығаюы шикізаттық тауарлар базасының өзгеруі және геосаяси жағдайдың шиеленісуі аясында әлемде дамушы нарықтар валюталарының әлсіреуі байқалды. Еліміздің негізгі сауда серіктестерінің бірі – Ресейдің қаржы секторына қарсы жаңа санкциялардың енгізілуінен рубльдің әлсіреуі жеделдеді. Ішкі валюта нарығында экономикалық агенттердің шетел валютасына сұранысының артуы жән ұсыныстың азаюы, сонымен қатар айырбас бағамының психологиялық деңгейінен асып кетуі болды, - деді Тимур Сүлейменов.

Оның атап өтуінше, бірқатар фактордың нашарлауына байланысты тұрақсыздықты болдырмау, айырбастау бағамының шамадан тыс құбылмалығын реттеу және шетел валютасының ұсынысын қамтамасыз ету мақсатында қараша айының 15-28 күндері аралығында Ұлттық банк валюталық интервенциялар өткізді.

- Теңгенің мұнан кейінгі динамикасы төлем балансына, нарыққа қатысушылардың күтулеріне, әлемдік нарықтардағы жағдайға және геосаяси жағдайдың өзгеруіне байланысты болады. Ұлттық банк теңгерімсіздікті болдырмайтын икемді бағам белгілеу режимін ұстанатын болады, - деді ол.

Соңғы жаңалықтар