Теңіз, Қарашығанақ, Қашаған кен орындарын игерушілермен жасалған келісім қайта қарала ма

АСТАНА. ҚазАқпарат – Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Үкімет отырысынан кейін «Теңіз», «Қарашығанақ», «Қашаған» кен орындарын игеріп жатқан ірі мұнай компанияларымен жасалған келісімдерді қайта қарау мәселесі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Теңіз, Қарашығанақ, Қашаған кен орындарын игерушілермен жасалған келісім қайта қарала ма

«ҚазМұнайГаздың» меншігіндегі мұнай кеніштерінің көп бөлігінде игеру мерзімі аяқталып келеді. Яғни, мұнай алудың ақырғы сатысын өткеріп жатыр. Ондай кеніштердегі басты міндет – қазіргі игеру көлемін сақтап қалу. Үкімет шығындарын көбейту арқылы жұмыс орындарын сақтап қалуға барынша күш салып жатыр. Ондай жұмыс орындарының өзіндік құны айтарлықтай қымбат. Бұл кеніштер өзін-өзі ақтау үшін салық жеңілдіктері де беріліп жатыр», - деді ведомство басшысы.

Оның пайымынша, әлемде ірі инвестицияларға деген сұраныс өршіп тұрған кезде ескі келісімдерді қайта қарауға асығудың реті жоқ.

«Біздің бюджеттің негізгі доноры болып отырған ірі мұнай кен орындары бар. Бұл - «Теңіз Шевройл», «Қарашығанақ», «Қашаған» сияқты орындар. Олардың көбінде игерудің максималды шегіне жетіп қойдық. Бұл ірі кеніштерді игеру мәселесі үкіметаралық, мемлекетаралық келісімдер арқылы реттеледі және ол келісімдерді орындауға екі тарап та жауапты. Қандай да бір келісімдерді қайта қарау мәселесіне келсек, бұл халықаралық құқық алаңында қаралатын мәселе. Біз елімізге инвестиция келгенін ойлауымыз керек. Қазір біз инфрақұрылымға салатын инвестицияға барынша тәуелдіміз. Әлемде білікті инвесторлар тартуда бәсеке жоғары екенін, қаржымыздың шектеулі екенін білесіздер. Қазақстанда несиелеу мөлшерлемесі 20%-дан жоғары екені де инвестициялау мүмкіндіктерін шектейді», - деді Алмасадам Сәтқалиев.