Теңіз кемесі экипаждарының мүшелері су көлігі кәсіпорындарындағы жұмысы кезеңінде әскери қызметтен босатылады

АСТАНА. 7 тамыз. ҚазАқпарат - Теңіз көлігі мамандарының тапшылығын қысқарту мақсатында «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңға тиісті өзгерту енгізіліп отыр.

Теңіз кемесі экипаждарының мүшелері су көлігі кәсіпорындарындағы жұмысы кезеңінде әскери қызметтен босатылады

Сондай-ақ, маман тапшылығы мен білім беру сапасын жақсарту проблемасын шешу үшін «Сауда мақсатында теңізде жүзу туралы» Заң теңізшілерді даярлауды жүзеге асыратын білім беру ұйымдарын сертификаттау, теңізшілерді даярлауды куәландыру формасы мен тізімін бекіту, теңіз көлігі мамандарын даярлауда білім мекемелерінің суда жүзу тәжірибесін ұйымдастыруды қамтамасыз ету нормаларымен толықтырылды. Бұл туралы Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Бүгінгі күні отандық теңізде жүзу кемелері компаниялары тек мұнай тасымалдаумен ғана шұғылданады, ал қалған құрғақ және паромдық жүктерді шетелдік компаниялармен тасымалдайды. Қазақстандық кеме компанияларының бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін аталған заңға халықаралық теңіз кемесі тізілімін құру, соның аясында отандық тасымалдаушыларға салықтық және кедендік жеңілдіктер қарастырылған норма енгізіліп отыр.

ҚР Халықаралық кемелер тізілімін құруға байланысты Салық кодексіне өзгертулер енгізілді. Соған сәйкес, ендігі жерде аталған тізілімге өздерінің кемелерін тіркеген компаниялар көлік салығынан босатылатын болады.

Сондай-ақ, «Сауда мақсатында теңізде жүзу туралы» Заңы арқылы Қазақстан Республикасының Теңіз әкімшісі ретінде ҚР Көлік және коммуникация министрлігі белгіленіп, оның теңіз айлағының шекарасын орнатудағы құзыреттілігі көрсетілген.

«Ішкі су көлігі туралы» Заңға да өзгертулер енгізілді. Атап айтқанда, гидротехникалық құрылыстарды (шлюз) жөндеу және тексеру, техникалық қолданысқа беру ережесін бекіту, сондай-ақ, жүзу қауіпсіздігі мен еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты өзгертулер жасалды.

Қабылданған өзгертулер көлік қызметінің қауіпсіздігі мен сапасын, еліміздің транзиттік әлеуетін арттыруға, тұрақты да орнықты инфрақұрылым қалыптастыруға және республика заңдарын халықаралық нормалармен үйлестіруге бағытталған.