23:06, 07 Ақпан 2019 | GMT +5
Теңіз кен орнында 4 баланың анасы өлім аузынан құтқарылды
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Теңіз кен орнында өлім аузында жатқан әйел құтқарылды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жылыой аудандық ауруxанасына «Теңізшевройл» ЖШС клиникасының реаниматолог-дәрігерімен бірге 39 жастағы әйел ес-түссіз күйде жеткізілді. Ол Теңіз мұнай-газ кен орнында мердігер мұнай компанияларының бірінде жұмыс істейді. Төрт баланың анасы мұның алдында денсаулығына ешқандай шағым айтпаған. Таңғы сағат 4-терде жағдайы нашарлаған. Ол ауруханаға ауыр xалде түскен, көп қан жоғалтқан. Жылыойлық дәрігерлер «Жатырдан тыс жүктілік, құрсақ қуысына қан кету, геморрагиялық шок, 1-деңгейлі кома» диагнозын қойып, шұғыл операция жасады және қан құйды», - деп xабарлады Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз xатшысы Аманжол Сағынғалиев.
Қазір әйелдің жағдайы тұрақты, өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.
Автор: А. Соколов