Теңіз кен орнындағы өртке байланысты экологтар тексеру жүргізеді
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында орналасқан Теңіз кен орнындағы өртке байланысты экологтар тексеру жүргізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұдан бұрын 1 наурызда «Nasar Solutions» ЖШС-нің өндірістік базасындағы мұнай қалдығын өңдеу цехында өрт шыққанын хабарлаған едік.
Бұл серіктестік қауіпті қалдықтарды өңдеп, залалсыздандырады.
Серіктестіктің ашық аумағында бір-біріне жақын тұрған 20 контейнер мен металл бөшкелерде, сондай-ақ, пластмасса ыдыстарда сақталған тез тұтанатын сұйық қалдықтар жанған.
Өрт 2 800 шаршы метрді құрайтын аумақты шарпыды.
Оқиға орнына «Теңізшевройл» ЖШС-нің өрт сөндіру және апаттық құтқару қызметінің қызметкерлері жедел жетті.
«Nasar Solutions» ЖШС-нің 15 қызметкері қауіпсіз жерге эвакуацияланды.
«Облыстық экология департаментінің мамандары «Nasar Solutions» ЖШС-не қатысты тексеру жүргізіліп, өрттің шығуына не себеп болғанын анықтайды. Қазір тексеру жүргізуге байланысты мәселе қарастырылып жатыр. Тексеру нәтижесі қосымша хабарланады», -деп мәлім етті департаменттен.