Теңіз кен орнындағы вахта қалашығында қоқыс контейнерлері өртенді

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында орналасқан Теңіз кен орнындағы вахталық қалашықта қоқыс контейнерлерінен өрт шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Теңіз кен орнындағы вахта қалашығында қоқыс контейнерлері өртенді

Бұл деректі «Теңізшевройл» ЖШС-нің баспасөз қызметі растады. Қоқыс алаңындағы өрт бүгін, 6 шілдеде тұтанған.

«Теңіз кен орнының өндірістік аймағынан тыс жерде орналасқан мердігер компанияның бірі – «НефтеСтройСервис ЛТД» ЖШС-нің вахталық қалашығы аумағындағы қоқыс контейнерлері өртенді. Осыған байланысты «Теңізшевройл» ЖШС-нің өрт және апатты жою қызметінің қызметкерлері оқиға орнына жедел жетті. Өрт сөндірушілер жалынды оқшаулап, тез сөндірді. Зардап шеккендер жоқ», -деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.

Теңіз – Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласынан 100 шақырымнан астам қашықтықта орналасқан кен орны.

Мұнда Келешек кеңею және ұңғы ернеуіндегі қысым­ды басқару жобасы іске асырылып жатыр.

Жобаға қазақстандық және шетелдік бірнеше компания мердігерлікке тартылған.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Теңіз кенішінде 5 автобустың өртену себебі анықталғанын хабарлаған болатынбыз.

«ССЕР» компаниясы баспасөз қызметінің мәліметінше, қызметтік автобустар Теңіз вахталық қалашығындағы тұраққа сағат 19:00-де келіп, жолаушылар түсірілгеннен кейін қозғалысты тоқтатқан. Тұраққа қойылған автобустардың бірінің мотор бөлігінен шыққан өртті «ССЕР» компаниясының сигнал беруші қызметкері байқаған.

Өрттің тез тарауына секундына 15-20 метр күшпен соққан желдің екпіні әсер еткен.