Теңіз кен орнындағы жобаларды іске қосу 6 айға дейін кешігуі мүмкін
Атырау облысында орналасқан Теңіз кен орнындағы жобаларды іске қосу 3 айдан 6 айға кешігуі мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Теңіз – әлемдегі ең ірі кен орындарының бірі. Кен орны Атырау облысынынң Жылыой ауданында орналасқан. Оны игеруші «Теңізшевройл» ЖШС-нің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, мұнда Келешек кеңею (ККЖ) және Ұңғыма ернеуіндегі қысымды басқару жобалары (ҰЕҚБЖ) іске асырылып жатыр. Жобаның құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтау мерзімі осы тоқсанға жоспарланған.
Бұрынғыша Келешек кеңею және Ұңғыма ернеуіндегі қысымды басқару жобаларын (ККЖ-ҰЕҚБЖ) қауіпсіз әрі кідіріссіз іске қосуға баса назар аударылып отыр. Жоба бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарының аяқталуы осы тоқсанға болжанып отыр. Соңғы уақытта іске қосу жұмыстары күтілгеннен баяу жүрді. «Теңізшевройл» акционерлерге ҰЕҚБЖ-ның 3 айға, ККЖ-нің 6 айға кешіктірілуіне әкелуі ықтимал жоспарлау нұсқаларын ұсынды. ТШО кестеден қалуды қысқарту үшін арнайы шаралар қабылдады, - деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Теңіз кен орнында 6 мыңнан астам адам жұмыстан босатылатынын жазған едік. «Теңізшевройл» ЖШС күрделі жобалар жөніндегі бас менеджердің орынбасары Ербол Жұмағазиевтің айтуынша, былтырғы қараша-желтоқсан айларына жасалған болжамға сәйкес 6 159 адам жұмыстан босату жоспарланған. Ал, 753 адам басқа жұмысқа ауыстырылатыны көзделген.